Екі бөлімді драма
Негізгі кейіпкерлері:
Сайлау – режиссер, 45 жаста
Назым- Сайлаудың әйелі, 40 жаста
Сюзанна – 35 жастағы әйел
Әлібек – Сюзаннаның бұрынғы куйеуі, 37 жаста
Телефондағы дауыс
Бірінші бөлім
Осы заманғы үш бөлмелі, қалалық жайлы пәтер. Бірақ оның кіреберісі мен залы, есігі ашық тұрған жатын бөлмесінің бір бөлігі ғана көрінеді.
Үйдің іші мұнтаздай таза, жарық. Оның әрбір бөлмесі қазіргі замандық жоғары талғамға сай европалық гарнитуралармен, тұрмысқа қажетті басқа да дүние-мүлікпен жабдықталған. Қабырғадағы үлкен аспалы сағат түстен кейінгі з-ті көрсетіп тұр.
Сахна ашылғанда біз бір қолымен бүйірін таянып, бір қолымен аквариумдағы балықтарға жем салып, залға апарар есіктің қыр көзіндегі кіреберістегі киім ілгішке үстіндегі жұқа ақ сұр плащы мен басындағы сол түстес кепкасын іліп жатқан күйеуі Сайлауға зәрлі мысқылмен көз салып тұрған 40-45-тер шамасындағы оның Құдай қосқан қосағы Назымды көреміз. Оның үстінде – әдемі гүлді халат, аяғынжа – жұмсақ тәпішке.
Сайлау. Кәдімгідей жаурап қалдым-әй!.. 7-ші троллейбусты кемі бір 40-45минут күткен шығармын. Қарын да ашты. Назуша, тамақ дайын ба?
Назым. Ух, жулик, а, жулик!.. Еще ұялмай тамақ сұрайды бұл, ә?!
Сайлау. (Таңырқап). Ау, бәйбіше?..
Назым. Не, бәйбіше-бәйбіше!.. Осындай мәймөңкеңді қойшы!.. Мен саған бүгіннен бастап бәйбіше де, басқа да емеспін, білдің бе?
Сайлау. Ау, жарқыным, сен не деп кеттің?
Назым. Байғұс!.. Нақсүйерің ең болмаса тамағыңды да тойдырып жібермепті ғой. Үйінде мынаған беретін тамағы да жоқ шығар ол сорлының.
Сайлау. Кімнің?..
Назым. Кімнің-кімнің!.. Білмей тұрған шығарсың әбден кімнің екенін!..
Сайлау. Осының бәрін сен шын айтып тұрмысың? Түк түсінсем бұйырмасын.
Назым. Жоқ, сенімен ойнағым келіп, әзілім қысып бара жатқандықтан айтып тұрмын. Ух, жулик, а, жулик!.. Қазір ана киімдеріңді ал да, бұл үйден қараңды батыр! Қандай противный едің, а!? (Жыламсырап). Сен… сен бұрыннан сондай болатынсың!..
Сайлау. Қандай?..
Назым. Өшір үніңді!.. Бағана шашы жалбыраған бір албастының соңынан еріп, «Динамо» стадионына қарама-қарсы тұрған ана бес қабатты үйдің бірінші подъезіне кіріп бара жатыр едің ғой. Сүмеңдеп!… Ол түскі он екінің шамасы болатын. Ал қазір сағат неше?
Сайлау. (Қабырғадағы сағатқа көз салып). Үш…
Назым. Үш-үш!.. Үш болса, содан бері қайда жүрсің?!.
Сайлау.