Екі актілі, төрт суретті драма
Қатысушылар:
Рәбиға – 10-класс оқушысы.
Ұлықпан – Рәбиғаның класс жетекшісі, 27-де.
Мадрид – мұғалім, жасы 22-де.
Роза Қасымханова – мұғалима, жасы 35-тер шамасында.
Айжан Құдайбергенова – Рәбиғаның класстасы.
Уәтай – тракторшы жігіт, 19 жаста.
Қалаубай – мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы, жасы 43-те.
Қамқа – мұғалима, жасы 45-тер шамасында.
Жамал – үй сыпырушы, жасы 65-те.
1- мұғалима.
2- мұғалима.
Медбике қыз.
Мұғалімдер.
Бірінші акт
Бірінші сурет
Түс ауған шақ. Ауылдық мектеп. Мұғалімдер бөлмесі. Ортада «Т» әрпі секілдентіп бір-біріне жалғастырып қойылған үстелдер.Оң жақ қабырғаның жанында – ескілеу диван. Есік жақта класс журналдары, географиялық карта, глобус, тағы да сол секілді күнделікті сабақ жабдықтарына арналған екі-үш әйнекті шкаф. Бөлмедегі үш-төрт мұғалім әлденеге үрпиісіп, сұрақты жүзбен бір-біріне қарайды.
1-мұғалима. Не боп қалыпты? Аяқ астынан немене шақыру бұл? Жиналыс па? Сабақтың үстіндегі не қылған жиналыс өзі?
2-мұғалима. Білмеймін. Түк түсінсем бұйырмасын. /Диванның үстінде отырған егделеумұғалимаға бұрылып./ Тәтей, сіз бірдеңе білетін сияқтысыз ғой.
Қамқа /қабағын шытып/ Е-е, қайбір жақсылық дейсің. Оныншыдағы Рәбиға ше… Жанұзақоавны айтам… Со бала сірке суын ішіп қойыпты. Әлсіз көрінеді, жаңа «скорыймен» ауданға алып кетіпті. Ауруханаға…
2-мұғалима. Қойыңызшы?!.
1-мұғалима. Сірке суын дейсің бе?! Мынау сұмдық қой!
2-мұғалима. Құдай-ай, жап-жас бала. Қор болды-ау, сірке суын неменеге ішіп жүр сонда? Біреуге ерегесіп пе?
Қамқа. Интернаттағы оқушылардың жайын білмейсіңдер ме. Әке-шешелері жыл он екі ай бойы айдалада қой бағып жүредң елім-телім болып. Балалары жүреді мұнда – интернатта – тәрбиешілер мен аспаздың қасы мен қабағына қарап жәутеңдеп. Ал бірақ әлгі Жанұзақова бейшараның неменеге өйтіп жүргенін шынын айтсам, естігем жоқ. Қазір айтатын шығар түсіндіріп.
1-мұғалима. Сонда завуч бізді ғана шақырып па?
Қамқа. Мектепте барларын ғана шақыртқан болар. /Жүрегінің тұсын қолымен ұстап./ Апыр-ай, мына жүрегі түспегір қағып, біртүрлі мазамды алып отырғанын қарашы. Валидолымды үйге қалдырып кеткенімді көрмеймісің қасақана.
2-мұғалима. Тәтей, қой онда көп «нервничать» ете бермеңіз. Ауырып қалып жүрерсіз тағы.
Қамқа. Е-е, бізде қай бір жөнді жүйке қалды дейсіңдер. Міне, жиырма бес жыл мұғалім болғанымызға. Бердік қой сол жиырма бес жылға бойдағы бар денсаулықты да, жүйкені де. Онымен мұғалімнің еңбегін бағалап жатқан не үкімет, не ата-ана, не бала жоқ. Әйтеуір енді пенсияға дейін бірдеме қылып амалдасақ…