Сяо Мао ұстаз өзім ұнататын балалар әдебиеті жазушыларының бірі. Ол маған «Балалықтың фотосуреттері», «Күндіз қандай болады?», «Шабарман» сынды бірнеше шығармасын ұсынып еді. Мен оларды Weibo-ның «Балалар кітабы» сайтына шығарғанмын. Сяо Мао маған сыйлаған әрбір кітабына «Балалар оқуы – барлық оқудың негізі», «Жұмыр басты пенденің бәрі махаббат пен арман қуған тұлпарлар», «Қызықты кітаптар оқып, көңілді адам болайық» және т.б. нақыл сөздерімен қолтаңба жазып беріп отырды. Оның әдеби шығармашылығы мен оқу туралы ойларын осыдан толық байқауға болады.
Жақында «Минтянь» баспасының редакторы Сяо Мао мырзаның жаңа кітабының баспадан шығатыны туралы айтып, менің сол кітапқа алғы сөз жазып беруімді өтінген болатын. Мен кітаптың «Тау мен теңіз ертегілері» деген ерекше атауын естігенде, қауырт жұмысымды қайырып қойып, бірден келісімімді бердім.
«Таулар мен теңіздердің классикасы» (Шань хай цзин) – Қытайдың Цинь дәуіріне дейін жазылған ежелгі кітабы, еңбекте негізінен география, табиғат байлықтары, наным-сенімдер, бақсылық пен мифтер, сондай-ақ ежелгі тарих, медицина, әдет-ғұрып, халықтар, т.б. туралы мағлұматтар топталған. «Таулар мен теңіздердің классикасы», «Теңізді толтырған Цзинвэй», «Күнді қуған Куафу» сияқты таныс мифтер мен әңгімелер ғана емес, сонымен бірге кітапта біз көп біле бермейтін тамаша таулар мен өзендер, сиқырлы жаратылыстар туралы айтылады.
«Таулар мен теңіздердің классикасы» көне тарих пен географияны, жергілікті ерекше өнімдерді зерттеуге мол деректер береді. Сондай-ақ кітапта сөз болған фантазиялық сипаттағы, таңғажайып миф-аңыз ертегілер әдеби шығармашылыққа құнды элементтер беретін кеніш саналады. Ол балалар әдебиеті шығармашылығы үшін де үлкен мүмкіндік бере алады. Қазіргі заманғы қытай әдебиетшілері «Таулар мен теңіздердің классикасындағы» жер-су атаулары, өсімдіктер, құбыжықтар сияқты өкілдік элементтерге негізделе отырып, оларды әдеби туындыларға айналдыру сынды жаңғырту жұмысын жүргізіп келеді. Жақында Қытайда жарық көрген «Қайта оралған батыр» және «Құбыжық аңдар» дейтін танымал екі фильм де «Таулар мен теңіздердің классикасы» атты шығарма мазмұны негізінде жазылғанын білеміз.
Сяо Мао ертегілерінде «Сяо Маоның өзіне тән ерекшеліктері бар» деген пікірді жиі естиміз. «Тау мен теңіз ертегілері» топтамасына келер болсақ, одан да сол ерекшеліктерді кездестіреміз.